Үйі / Жаңалықтар / Қазақстандық азамат АҚШ жұртына қазақ күйлерін таныстырып жүр

Қазақстандық азамат АҚШ жұртына қазақ күйлерін таныстырып жүр

Ұлы даланың әуездерін әлем жұртшылығы енді ағылшын тілінде тыңдайды. Қазақ мәдениетімен жақын танысады. АҚШ-та оқып жүрген отандасымыз Ертай Сұлтан «The sounds of the Great Steppe» подкастар сериясын жасап шығарды.

Америкалық Крис Элиссон Құрманғазы күйіне қатысты подкастты мұқият тыңдап отыр. Жас зерттеуші күйлердің тарихы арқылы қазақтың өткеніне бойлап, болмысын тануға болады дейді. Ал, домбыра, қобыз бен сазсырнай үні ол үшін бұрын-соңды естімеген таңсық аспаптар.

Крис Элиссон, жас ғалым:

Бұл күй мені таулардың ішінде жүргендей әсерге бөлейді. Әсіресе домбыра үні. Бұл аспапты осындағы орталықтан көріп жүрмін. Бірақ, оның осындай әуез шығаратынын алғаш рет біліп отырмын.
Ертай Сұлтан кезекті подкастын әзірлеуге кірісті. Жоба авторы әсіресе, «Ұлы даланың көне сарындары» антологиясындағы аңыз әпсаналарға негізделген күйлерді таңдап алуға тырысады. Мысалы, «Ақсақ құлан» кімді болса да бей-жай қалдырмасы анық.

Бірақ, ағылшын тілді тыңдарманның талғамынан шығу оңай емес. Әрбір мәтінді тігісін жатқызып қарапайым тілде жеткізу керек.

Ертай Сұлтан, жоба авторы:

Тыңдап отырған адам ол артқа жүрмеу керек, барынша. Тыңдап, ары қарай жүре беру керек. Оқиғаның желісімен жүре беруі керек. Мынау не деп айтты деген сияқты мәселелер туындамау керек.
Подкастта Дина Нұрпейісова, Ықылыс Дүкенұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы секілді белгілі күйшілердің өмір жолымен танысуға болады. Сондай-ақ, домбырамен қатар қобыз, сазсырнай, сыбызғы туралы да ақпараттар бар. Қазірдің өзінде ұзын саны он бір бағдарлама жасалды. Соның өзінде подкастқа қызығушылық жоқ емес. Мәселен, көктемде Коста-Рикада музыка тарихы категориясы бойынша алғашқы орынға шыққан.

Жалғас Сәдібекұлы

  21 қараша 2022 г.