Үйі / Институттың бөлімдері / Театртану және кино бөлімі

Театртану және кино бөлімі

ТЕАТРТАНУ ЖӘНЕ КИНО БӨЛІМІ

 

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Театр өнері» бөлімі Қазақстандағы сахна өнерінің тарихы, теориясы және театр сыны бағытында ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысатын алғашқы және іргелі өнертану орталықтарының бірі болып табылады. Алғашында құрамында бейнелеу өнері, музыкатану және театртану салалары бойынша мамандарды жинақтаған «Өнертану» секторы Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақ КСР-ның Ұлттық Ғылым Академиясы Президиумында қазақ өнері мен мәдениетінің танымал қайраткері, композитор, академик Ахмет Қуанұлы Жұбановтың жетекшілігімен ашылды. 1951 жылдан бастап секторға өнертану ғылымдарының докторы,  Қазақ КСР ҰҒА корреспондент-мүшесі Борис Гиршевич Ерзакович меңгеруші болды. 

Бұл кезеңде республика театрының тарихы мен теориялық мәселелерін зерттеу ісі ресейлік мамандар Н.И.Львов, В.Мессман, Л.И.Богатенкова, Л.Варшавскийлердің еншісінде болатын. Сонымен бірге бұл кез Т.Есенгельдин, Б.Құндақбайұлы, З.Кереева, Р.Ғабитова, Н.Шәукенбаевалар секілді қазақтан шыққан зерттеушілердің театртану ғылымына тартыла бастаған кезі болатын. «Өнертану» секторының қазақ театр өнерінің тарихына арналған алғашқы зерттеулері осы жылдары жарыққа шықты. Өнертану ғылымдарының кандидаты Н.И.Львовтың «Казахский акаде­мический театр драмы» (1954) деп аталатын қысқа очеркі қазақ драма театрының шығармашылық жолының бастау көзінен 1953 жылға дейінгі аралығын қарастырса, осы зерттеушінің «Қазақ театры» атты тарихи очеркі «КСРО халықтарының театрлар тарихы» сериясымен 1961 жылы Мәскеудің «Искусство»  баспасынан шықты (редакциясын жасаған Г.Гоян). Қазақстандағы кәсіби сахна өнерінің пайда болуы мен  даму бағыт-бағдарын айқындаған автор ұлттық театр өнерінің тарихын, жалпы тенденцияларын бағамдап театртанушылық тұрғыдан жүйелеген. Еңбек Қазақстандағы драма, опера және балет, балалар мен жасөспірімдер, облыстық театр ұжымдарының тарихи қалыптасуы мен даму жолдарын ашуға тырысқан. 

1961 жылы Қазақ КСР Ұлттық Ғылым Академиясы Президиумының шешімімен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты болып қайта құрылып, өнертану саласы жеке құрылым ретінде «Театр және бейнелеу өнері бөлімі» деген атаумен жұмыс істей бастады. Осы жылдардан бастап институттың кіші ғылыми қызметкерлері Б.Құндақбайұлы және Л.И. Богатенкова Мәскеудегі А.В.Луначарский атындағы Мемлекеттік театр өнері институты жанынан ашылған «КСРО халықтары театры» кафедрасының меңгерушісі, өнертану ғылымдарының докторы, профессор Г.Гоянның жетекшілігімен шыға бастаған 6 томдық іргелі зерттеу жұмысына тартылып, «Қазақ театры» бөлімдерін жазуға араласады. Сонымен бірге Институттың ғылыми зерттеу жобалары мен жекелеген авторлардың ізденістері нәтижесінде Ш.Құсайынов, О.Олидор, Н.Шәукенбаева, С.Ордалиев, Е.Жақыпов, Қ.Қуандықов, Ә.Тәжібаев, Р.Нұрғалиевтің қазақ театры және драматургиясы жайлы іргелі еңбектері халық игілігіне айналды.

1971 жылы Қазақ КСР ҰҒА Президумының № 132  шешімімен «Театр өнері» бөлімі жеке отау құрып, жаңа қарқынмен жұмысын бастайды.Бөлімнің меңгерушісі қызметіне көрнекті ақын, драматург, филология ғылымдарының докторы Әбділдә Тәжібаев келді. Еліміз театртанушы мамандары алдына жаңа талаптар қойылып, қазақ сахна өнерінің тарихын бастау көзінен бастап толық қамтыған іргелі жоба жұмысы басталады. Бөлім құрамында театр мен экран өнерімен айналысқан: Б.Құндақбайұлы, Л.Богатенкова, Ф.Оразаев, Л.П.Сарынова К.Сиранов, Н.Шәукенбаева, Р.Оспанова, С.Мусина секілді кәсіби зерттеушілер тобы өнімді еңбек етті. Бөлімнің осы жылдардағы театртану саласындағы ерекше табысына ұлттық сахна өнерінің толық тарихын мол деректі құжжаттық негізге сүйене жазылған: «Қазақ театрының тарихы» (І том, 1975; ІІ том, 1978) атты екі томдық зерттеу жұмыстарын және «Балетное искусство Казахстана» (1976) жатқызуға болады. 

Әр жылдары «Театр және кино» бөлімі болып жұмыс істегенде қазақ сахна өнері мен экран өнерінің тарихы мен өзекті мәселелерін зерттеген «Бүгінгі таңдағы қазақ актерлік өнері», «Қазақ кеңестік кино тарихы» жобасының «Қазақ киносы» тараулары, «Қазақ киносындағы ұлттық және интернационалдық тақырыптар» бойынша жұмыстар жасалынып, жеке кітап болып басылып шықты.

  21 қаңтар 2022 г.