Үйі / Институттың бөлімдері / "Қолжазба және текстология" ғылыми-инновациялық бөлімі

"Қолжазба және текстология" ғылыми-инновациялық бөлімі

"ҚОЛЖАЗБА ЖӘНЕ ТЕКСТОЛОГИЯ" ҒЫЛЫМИ-ИННОВАЦИЯ БӨЛІМІНІҢ ТАРИХЫ 


М.О.Әуезов атындағы  Әдебиет және өнер институты құрамындағы Қолжазба бөлімі жеке құрылым ретінде 1962 жылы ашылды. Ал осы бөлімдегі қолжазбалар қорының тарихы одан ертеректен басталады. Ресми деректерге қарағанда, ол халық әдебиетін жинау, жариялау ісімен тікелей байланысты болды. Қолжазбалардың бір орынға жиналуы  – Қазақстанда Кеңес үкіметі орнағаннан кейін қолға алынған алғашқы оқу-ағарту жұмысының бір саласы ретінде жүргізіледі. Бөлімдегі ескі қолжазбалардың бірқатары  1920 жылдан белгілі фольклортанушы Әбубәкір Диваев ұйымдастырып, басталған алғашқы фольклорлық-этнографиялық  экспедициялардың іздестіру-жинау жұмысы нәтижесінде зерттеушілер қолына тиіп, пайда болған. Кейінгілері – жоспарлы жұмыс үрдісінде және ғылыми зерттеулерге қажетті материал ретінде ел ішіндегі жинаушылардың, көшірушілердің, жалпы халық мұрасы жанашырларының игі ықпалымен  бірте-бірте қордаланып, бай әдеби мұра отауы болып қалыптасты.  

 Бұл бөлімді әр жылдары белгілі әдебиеттанушы, фольклортанушы ғалымдар: Кеңестер Одағының батыры, КСРО Педагогика ҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор М.Ғабдуллин, филология ғылымдарының докторлары, профессорлар: М.Базарбаев, Ә.Нарымбетов, О.Нұрмағамбетова, Ш.Ыбраев, А.Сейдімбек, Ж.Тілепов, Б.Әзібаева, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор С.Қасқабасов, филология ғылымдарының кандидаттары: С.Сейітов, Ү.Субханбердина, С.Қосанов, Т.Әлбеков басқарды. 

Қолжазба бөлімінің негізгі қорын 500 000-нан астам  атаудан тұратын 1500-дей бумада жинақталған қазақ, шығыс тілдеріндегі (араб, парсы, шағатай, татар т.б.) ескі қолжазбалар   және ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басында жарық көрген қазақ мәдениеті мен тарихына қатысты литографиялық  кітаптар, сондай-ақ  жалпы ұзындығы 700 шақырымдай болатын 300-ге жуық аудиотаспа мен  микрофильм, микрофишалар құрайды.

Бөлім қызметінің басты ғылыми бағыттары мыналар: 

1. Қазақ қолжазбаларын заман талабына, қазіргі заманғы  белгіленген  мәртебесі мен маңызына сәйкес реставрациялау, консервациялау және олардың қолжазба мұра күйінде сақталуына, болашақ ұрпақтың пайдалануына жағдай жасау;

2. Қолжазба мұраларды ғылыми айналымға түсіру және оларды жүйелі жариялау арқылы жас ұрпақтың игілігіне жарату. 

       Осы бағыт-бағдарларды іске асыру мақсатында әр жылдары төмендегідей жұмыстар атқарылды:  

– бұрын зерттелмеген, жарық көрмеген және белгісіз болып келген, сондай-ақ тыйым салынған халық әдебиеті үлгілерінің ғылыми және ғылыми-көпшілік басылымдарын дайындау;

– қолжазба мұраларды жанр бойынша жүйелеп, ғылыми сипаттамасын жазу, сол арқылы  ғылыми айналымға енгізу;

– қолжазбалардағы фольклорлық және авторлық ауыз әдебиеті үлгілеріне  мәтінтанулық зерттеулер жүргізу;

  – қолжазбаларды консервациялау, мұрағаттау, қайта қалпына келтіру, қайта көшіру, мағынасын ашу және транскрипциялау, көне қолжазбаларды СД-ROOM-ға көшіру (400 к/диск).

Қолжазба қорының негізін қазақ халқының бай фольклорлық мұрасы, атап айтқанда ғашықтық, қаһармандық, тарихи, романдық, дастандық, ертегілік эпостары; діни, романдық, новеллалық дастандары; батырлық, қиял-ғажайып, новеллалық, сатиралық және жан-жануарлар туралы ертегілері; айтыстар; жұмбақтар, мақал-мәтелдер, қара өлең, ғұрыптық, балалар фольклоры үлгілері, ақын-жыраулар, би-шешендер, халық ақындары мұраларының үлгілері құрайды. Олардың дені  ХІХ ғасырдың 70 – 80 жылдарынан бері хатқа түсіп,  қазақ халқының рухани өміріне айырықша ықпал етіп келді. 

  21 қаңтар 2022 г.