Үйі / Институттың бөлімдері / Тәуелсіздік дәуіріндегі әдебиет және көркем публицистика бөлімі

Тәуелсіздік дәуіріндегі әдебиет және көркем публицистика бөлімі

ТӘУЕЛСІЗДІК ДӘУІРІНДЕГІ ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ КӨРКЕМ ПУБЛИЦИСТИКА БӨЛІМІ

Бөлімнің тарихы 1934 жылы КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы құрылған кезден бастау алады. 1936-1937 жылдары Қазақ филиалының әдебиет пен фольклор секторын Х.Есенжанов басқарды. Алғашында әдебиет секторы, кейін қазақ совет әдебиеті деп аталған бөлім әдебиет тарихын зерттеумен айналысты. 

Қазақ кеңес әдебиетінің толыққанды тарихын жазудың алғашқы бір бастамасы 1949 жылы шыққан «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» еді. Ол кітапта үш кезеңге бөлініп зерттелген кеңес дәуіріндегі әдебиеттің өркендеуі толығырақ қамтылды. Әдебиеттің нақты материалдары мол қамтылған ұжымдық еңбектің  жалпы редакциясын Қ.Жұмалиев басқарды. 

1955-1960 жылдары бөлім қызметкерлері кеңестік дәуір әдебиетін кеңірек зерттеуге бет бұрды. КСРО Жазушыларының екінші съезі (1954) мен КПСС ХХ съезінің (1956) қаулыларына байланысты И.В.Сталиннің жеке басына табыну кезінде орын алған қателіктер сыналып, демократиялық нормалар қалыпқа келтіріле бастағандықтан, «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» (1955) атты ұжымдық зерттеуде әдебиеттің өмірмен байланысын арттыру мәселесіне айрықша мән берілді. 1946-1948 жылдар ішіндегі партияның идеология саласындағы қаулыларында кеткен қателіктер мен оны орындау кезіндегі асыра сілтеушіліктер біртіндеп қалпына келе бастады.

Партия съезінің шешімдеріне сәйкес 1937 жылдары жазықсыз қудаланған қаламгерлер ақталды. Қазақстанда С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Шәріпов, М.Дәулетбаев сияқты жазушылар есімі мен шығармалары әдебиет тарихына қайта кірді. Ғалымдар ақталған қаламгерлер шығармаларының жинақтарын дайындауда, оны ғылыми айналымға түсіруде қарымды еңбек етті.  

  21 қаңтар 2022 г.