Үйі / Институттың бөлімдері / Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімі

Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімі

АБАЙТАНУ ЖӘНЕ ЖАҢА ДӘУІР ӘДЕБИЕТІ БӨЛІМІ


Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімі – ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетінің тарихын, абайтану мәселелерін зерттейтін ғылыми құрылым. Абайдың өмірі мен әдеби мұрасын жан-жақты қамтып, тереңдей зерттеу мақсатында 1944 ж. КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының Тіл және әдебиет институты жанынан М.О.Әуезовтің жетекшілігімен ұйымдастырылған. Бөлімнің 1945-1946 жж. арналған ғылыми-зерттеу жұмыс Абай өмірі мен шығармашылығы туралы мынадай тақырыптарды қамтыды: «Абай дүниетанымының тарихы», «Абай Құнанбаевтың дүниетанымы», «Абай (Өмірбаян және естеліктердің дереккөздері)». Алғашқы жылдары бөлімде М.О.Әуезов, М.С.Сильченко, Қ.Жұмалиев, Ы.Т.Дүйсенбаев, Б.Кенжебаев, Қ.Мұхамедханов және т.б. әдебиет зерттеуші ғалымдар еңбек етті. Абайдың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. С.Мұқановтың редакциясымен 1945 ж. Абайдың академиялық жаңа, толық жинағы басылды. М.Әуезов пен Б.Кенжебаев бірігіп жазған «Абай – қазақтың ұлы ақыны (1845-1945)» атты қазақ және орыс тілдеріндегі, М.Сильченконың «Абай» атты кітапшалары, М.Әуезовтің «Абай (Ибраһим) Кунанбаев (1849-1904)» атты орыс тіліндегі көлемді еңбегі, Абайдың Мәскеуде шыққан таңдамалы жинағына шыққан «Жизнь и творчество Абая (Ибрагима) Кунанбаева» (1954) атты кіріспе мақаласы және Абай шығармашылығының әр қырын қарастырған басқа да көптеген ғылыми мақалалары жарық көрді. Сонымен бірге ғылыми журналдар мен республикалық баспасөз бетінде М.Сильченконың «Прославленный казахский просветитель, поэт Абай Кунанбаев», Б.Кенжебаевтың «Абайдың қарасөздері», Е.Ысмайыловтың «Абай өлеңдерінің сұлулық әуезділік ерекшеліктері», «Абайдың өлең құрылысы туралы», «Абайдың көркемсөз шеберліктері туралы» зерттеу мақалалары жарияланды. Ұлы ақын шығармаларын жанрлық, көркемдік, шеберлік тұрғысынан талдап, оның әдемі ортасы мен ақындық дәстүрі туралы сөз қозғаған бұл ізденістер көлемді монографиялық зерттеулерге ұласты. Бұл ретте Қ.Жұмалиевтің «Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі» монографиясы (1948), Ә.Жиреншиннің «Абай и его русские друзья» (1949) зерттеуін атап өтуге болады. М.Әуезовке пәле-жала жауып, саяси айып тағу мен Абайдың ақындық мектебін жоққа шығарудың басы Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің 1947 жылғы “Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателер туралы” қаулысы болды. Аталған қаулыда Тіл және әдебиет институтының саяси қателерге жол бергендігі әдебиет тарихына байланысты шыққан еңбектер мысалында сынға алынды. Қаулыда: “Тіл және әдебиет институтының ғылыми еңбектерінде, орта мектептерге арналған әдебиет оқу кітаптарында қазақтың ХІХ және ХХ ғасырлардағы көп ақындары мен жазушыларының творчестволық қызметіне біржақтылықпен, тек жақсы жағынан баға берілген. Өткендегі әдебиет өкілдері жалпы халық қайраткерлері болды деп көрсетіледі, ал олардың творчествосы тап күресіне байланыстырылмай, онан тыс тексеріледі, сөйтіп олардың шығармаларындағы феодалдық-реакциялық, буржуазиялық-ұлтшылдық сарындар қағажу, бүркеуде қалдырылды”, – деп көпе-көрінеу еш себепсіз айып тағылып, М.Әуезовтің жалпы редакциясымен дайындалған “Қазақ әдебиеті тарихы” бірінші томының қолжазбасынан ұлтшылдық мін тапты.

  21 қаңтар 2022 г.