Үйі / Институттың бөлімдері / Фольклортану бөлімі

Фольклортану бөлімі

ФОЛЬКЛОРТАНУ БӨЛІМІ


Фольклортану бөлімінің қызметін үлкен үш кезеңге бөліп қарауға болады. 1930-1940-жылдар аралығында Қазақтың Ұлттық мәдени ғылыми-зерттеу институтының секторы ретінде жұмыс жасап, фольклорлық мәтіндерді жинап, жүйелеумен айналысқан. Бұл кезеңде, негізінен, М.О.Әуезовтің 1927 жылы жарық көрген «Әдебиет тарихы» мен С.Сейфуллин жариялаған «Ежелгі әдебиет нұсқалары» (1931),  «Қазақ әдебиеті» (1932) қолданыста болған. 1940-жылдары фольклор секторы  бөлімшеге айналып, дәстүрлі және кеңестік фольклор зерттелді. Әсіресе, М.Әуезовтің жетекшілігімен 1948 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиетінің тарихы. Фольклор. 1-т. Алматы, 1948» деген ұжымдық монографияны  ерекше атауға болады. 

Өкініштісі, бұл еңбек қолжазба күйінде-ақ сынға ұшырады, бірақ сын ғылымнан аулақ, саяси-идеологиялық сипатта болды да, аталмыш кітап «зиянды» деп танылып, ғылыми айналымнан алынып тасталды (1947 жылғы 21 қаңтарда жарияланған Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателер туралы» атты қаулысын қараңыз). Шындығына келгенде, бұл еңбек – үлкен жұмыстың игілікті бастамасы еді, өйткені, сол тұстың өзінде-ақ қазақ әдебиетінің тарихын бірнеше том етіп жазу көзделген. Бірақ бұл ой жүзеге аспады. Өйткені, идеологиялық, саяси ұстанымды басшылыққа алу міндет болды. Ұлттық мұраны құлшыныспен зерттеуге мұның теріс әсері болса да, бұл еңбекті дайындау барысында фольклордың тарихын жанрлар арқылы зерттеуге талпыныс үзілген жоқ. Томның бірінші бөлімі қазақ фольклорының зерттелуіне арналған. Екінші бөлімде ғұрыптық фольклор,  шаруашылық туралы өлеңдер; дін, салт өлеңдері; Наурыз; бақсы сарыны; бәдік, арбау, жалбарыну; жарапазан және жарапазанның батасы; үйлену салт өлеңдері: әдет, салт; тойбастар; жар-жар, сыңсу-жұбату; беташар; мұң, шер өлеңдері: қоштасу, естірту, көңіл айту, жоқтау деп, жеке-жеке қарастырылған.

Фольклорлық мұраларды жанрлық тұрғыдан көптомдық түрінде жариялау 1950-1970-жылдары жүзеге асты.  1957 – 1959 жылдар аралығында «Қазақ эпосы» сериясы бойынша «Қамбар батыр»,   «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қобыланды батыр», «Қозы-Көрпеш –Баян-сұлу», «Қыз Жібек» жырларының академиялық басылымы қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. Және 1957-1964 ж. аралығында қазақ және орыс тілдерінде үш том «Қазақ ертегілерінің»  академиялық басылымы дайындалып, мәтіндер жанрішілік түрлерге жіктеліп, ұсынылды. Бұл кезеңдегі зерттеулерде «фольклор» мен «ауыз әдебиеті» ұғымдары бөлінбеген, сол себепті халық арасына ауызша таралғаны  ескеріліп, ақындар айтысы да фольклор ауқымында зерттелді. Сондықтан 1965-1966 ж. фольклортану бөлімі  «Айтыстың» да үш томын дайындап, жарыққа шығарды. 

1960-1964 жылдар аралығында жарық көрген «Қазақ әдебиетінің тарихы» фольклортануға бірінші томның екі кітабын арнады. Бірінші кітап «Қазақ халқының ауыз әдебиеті туралы ғылымның даму тарихы» және тұрмыс-салт жырлары, шешендік сөздер, ертегілер, батырлар жыры, лиро-эпос, тарихи жырлар, айтыс өлеңдері, жұмысшы жырлары деп, әр бөлім  жеке жанрларды қарастырды. Ал, бұл бірінші томның екінші кітабы совет дәуіріндегі фольклор деп аталғанымен, мұндағы зерттеулердің дені ақын, жырау, жыршылардың шығармашылығына арналған. 

«Қазақ әдебиетінің тарихы» кітабының фольклорға арналған орыс тіліндегі басылымы 1968 жылы жарық көрді.

М.О.Әуезов қайтыс болғаннан кейін фольклортану бөлімінің меңгерушісі қызметін Е.Исмайылов атқарды. Бұдан кейінгі кезеңдерде бөлім меңгерушісі М.Қаратаев, М.Ғабдуллин, Р.Бердібаев, Ш.Ыбыраев   болды. 2001 жылғы қыркүйек айынан бастап фольклортану бөлімі академик С.А.Қасқабасовтың жетекшілігімен жұмыс жасап келеді.

Зерттеу жұмыстары: 1950 жылдары советтік фольклорды, жұмысшы фольклорын зерттеу мәселесі алға шықты. ДегенменС.Мұқановтың 60-жасқа толуына орай «Қазақ филологиясының мәселелері» (1964), Н.С.Смирнованың ғылыми-көпшілік басылым ретінде дайындаған «Казахская народная поэзия» (1967), Б.Адамбаевтың «Шешендік сөздер. Қазақтың шешендік, тапқырлық, нақыл сөздері» (1967) және «Шешендік өнер (Сырым сөздерінің негізінде)» (1969), т.б. кітаптар жарық көріп, фольклорлық жанрлар сол кездегі ғылыми деңгейге сай зерттелді. 

               1950-1970-жылдары фольклортану бөлімінің ұжымдық монографиялары бүкілодақтық ғылым талабының деңгейінде дайындалды. Әсіресе,  1970-жылдардағы зерттеу еңбектерінде бүкілодақтық және әлемдік  ғылымның жетістіктері ескерілді. Жанрлық ерекшелікті басты назарда ұстап, тарихи-типологиялық, тарихи-стадиялық және мәдени байланыс тұрғысынан жан-жақты ізденістер жүргізілді. Мәселен, «Казахский фольклор в собрании  Г.Н.Потанина» (1972) атты жинақ Г.Н.Потаниннің қазақ фольклорына қатысты жинаған мәтіндерін жанрлық жіктеу бойынша беруімен және алғашқы жарияланымды ұсыну арқылы дайындалды. Мұндай ұстанымның екі жақты қызметі бар: фольклорлық мәтін «бұзылмай» ұсынылады,  сонымен бірге кейінгі жариялаушының қандай мақсатты көздеп, өзгертулер жасағаны анықталады. Құрастырушылар: С.А.Қасқабасов, Н.С.Смирнова, Е.А.Костюхин, Е.Д.Тұрсынов сюжеттердің халықаралық типін анықтап, текстологиялық жұмыстар жүргізген. Осындай мақсатты жұмыс «Хайуанаттар туралы қазақ ертегілерін» (1979) жарыққа шығаруда да басшылыққа алынған. 

1975 жылы Мәскеуден «СССР халықтарының эпостары» сериясы бойынша «Қобыланды батыр» жарыққа шықты. Бұл кезеңдегі басылымдар бұрынғымен салыстырғанда біраз өзгешеліктерге ие. Атап айтқанда, жинақты құрастырушы ғалымдардың зерттеу мақалалары жазылды, мәтіндер  көпнұсқалы түрде беріліп, орыс тіліндегі аудармасы қатар ұсынылды. Сондай-ақ ғылыми түсініктер кеңейтіліп, орындаушылар туралы мәліметтер,  т.б. маңызды деректер енгізілді. 

Қазақ фольклористері бүкілодақтық орталықтармен тығыз байланыста жұмыс істеді. Фольклорлық шығармалардағы тарихилық және типологиялық зерттеулер мақсатты түрде қолға алынғанда ұжымдық іргелі зерттеулер жасалды. Оның дәлелі – «Қазақ тарихи жырларының мәселелері» (1979); «Қазақ фольклорының типологиясы» (1981),  т.б. еңбектер − осындай ғылыми ауқымды жұмыстардың айғағы. Мәселен, «Қазақ тарихи жырларының мәселелері» атты ұжымдық жинақта тарихи жырлар мен тарихи өлеңдердің құрамы, жанрлық табиғаты сараланып, идеялық-көркемдік мәні  талданды. Монографияда  тарихи өлеңдер мен тарихи жырлардың жанрлық ерекшеліктері туралы айтылып, бірінші бөлімде XVIII ғасырдағы тарихи оқиғаларда ерен батырлық танытқан Абылай хан, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Олжабай батыр, Өтеген батыр, Арқалық батырларға арналған жырлардың ерекшеліктерін талдауға арналған. Ал, екінші бөлім  XIX ғасыр мен XX ғасырдың алғашқы ширегіндегі тарихи оқиғаларға байланысты туған эпостарға арналған. Тарихи жырлардағы архаикалық сарындардың қолданылу ерекшеліктері сараланды. 

 «Қазақ фольклорының типологиясы» атты ұжымдық жинақ   фольклорлық туындылардың тегі, жасалу, даму, өзгеру заңдылықтарын талдауға арналған. Авторлар ұжымы эпос, ертегі, аңыз, әңгіме, тұрмыс-салт өлеңдерін, т.б. жанрларды түркі-моңғол халықтарының фольклорымен салыстырып, олардың арасындағы ортақтықтар мен өзгешеліктерді анықтаған. 

1986-1989 жылдар аралығында «Қазақ халық әдебиеті. Көп томдық» сериясы бойынша 18 том фольклорлық мәтіндер жанрлық ерекшелігі бойынша жарияланды.  Батырлық жырлар – 6 том, тарихи жырлар – 3 том, ертегілер – 4 том, айтыстар – 2 том, дастандар – 2 том, мақал-мәтелдер 1 том болып шықты. 

 «Қазақ фольклористикасының тарихы. Революцияға дейінгі кезең» атты ұжымдық зерттеу (1988) ғасырлардың тереңіне бойлап, қазақ халқының мәдениеті, тілі, тарихы, әдебиеті, өнері хақында азды-көпті ой қалдырған зерттеушілердің жазбаларын мейлінше толық қамтыған. Зерттеу  XVIII ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бас кезін ауқымды түрде ерекшелеген. Оған дейінгі тарихи, филологиялық зерттеулердің көбінде тек ұлы демократ ағартушыларымыз Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаевтың аттары ғана жиі аталатын. Осы зерттеуде бұл олқылықтың орны толтырылып, зерттеушілердің қатары да, зерттеу нысандарының қамтылуы да  әлдеқайда артты. 

«Өмір шындығы және фольклорлық дәстүр», «Фольклортану тарихынан» деген екі үлкен бөлімді қамтыған «Фольклор шындығы» (1990) атты монографияда фольклордың тарихилығы және өмірмен байланысты қырлары зерттелген. Атап айтқанда, эпикалық дәстүр (Р.Бердібаев),  фольклордың қазіргі замандағы ролі (С.Қасқабасов), эпос жанрының қалыптасу тарихы (Ш.Ибраев), отбасы фольклорының этнографиямен   байланыстылығы (К.Матыжанов), т.б. зерттеулер орын алған. 

Б.Абылқасымов бұл жинақта М.Дүйсеновтің «Фольклор ма, әдебиет пе?» деген мақаласындағы (Қазақ әдебиеті, 1971, 2 июль) ойды қайта қозғап, бүгінгі күнде бұл ұғымдардың өзіндік ерекшелігімен қабылдануына қол жеткізілді. 

Фольклортанушы ғалымдар ұжымдық монографиялар дайындаумен бірге жеке зерттеулермен де айналысып, фольклордың түрлі жанрындағы типологиялық ұқсастықтар мен ұлттық ерекшеліктерді айқындайтын еңбектерді жарыққа шығарды. Мәселен, Е.Д.Тұрсынов «Генезис казахской бытовой сказки» (1973), «Қазақ ауыз әдебиетін жасаушылардың байырғы өкілдері» (1976); Б.  Уахатов  «Қазақтың халық өлеңдері» (1974),  «Қазақтың тұрмыс-салт жырларының типологиясы» (1983); Р.Бердібаев «Қазақ эпосы»  (1982), Б.Әзібаева «Казахские  народные романические дастаны» (1990), т.б. кітаптар жарияланды. 

С.А.Қасқабасовтың «Казахская волшебная сказка» (1972), «Қазақтың халық прозасы» (1984),  «Казахская несказочная проза» (1990) атты кітаптары   фольклорлық жанрлардың типологиялық және стадиялық ерекшеліктерін анықтауға арналған. Мәселен, ғалым «Қазақтың халық прозасында» қазақ фольклорындағы миф ұғымымен европалық түсініктегі мифтің бірдей еместігін, т.б. осындай айырмашылықтарды саралап,  талдаған. Ғалымның бұл кітабы Қазақ ССР ҒА Төралқа шешімімен Ш.Уәлиханов атындағы сыйлыққа ие болды. Ал, 1992 жылы Президент  Жарлығымен «Казахская несказочная проза» кітабы үшін әдебиет, өнер және архитектура салаларындағы  Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығы берілді. 

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін фольклордың идеологиялық қызметі ашық түрде зерттеле бастады. Жазықсыз «халық жауы» атанған фольклортанушы ғалымдардың еңбектері зерттеліп, ғылыми айналымға қосылды. Батырлық және тарихи жырлардың арасында ұлттық идеологияға байланысты айтылмай, зерттелмей қалған «Едіге батыр», «Шора батыр» эпостары да арнайы зерттеулердің нысанына алынды. Бұл кезеңде де, әрине, фольклорист ғалымдардың жинаған материалдары жинақ болып шығып жатты. Мәселен, В.В.Радловтың қазақ фольклорына қатысты жинаған мәтіндері «Алтын сандық» (1991) және «Ел қазынасы – ескі сөз» (1994) деген тақырыптармен алғашқы жарияланым бойынша жарық көрді.  

«Қазақ фольклорының тарихилығы» (1993) атты ұжымдық жинақта халықтың әр дәуірдегі тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрып, наным-сенімімен тығыз байланыста өрбитіндігі жан-жақты зерделенген. Бұл кітапта архаикалық, классикалық, романдық және реальды-тарихи эпостардың ерекшеліктері мен олардағы тарихи шындықтың бейнеленуі, арақатынасы зерттелген. 

Фольклорлық поэтика, әрине, әр жылғы зерттеулерде сөз болған. Дегенмен  «Қазақ фольклорының поэтикасы» атты (2001) атты ұжымдық монография  оны ауқымды әрі мақсатты түрде тереңінен зерттеді. Бұл ұжымдық монографияда эпос поэтикасының түрлі қырлары: фольклорлық шығармалардың сюжеттік және композициялық құрылымы, кейіпкерлерді суреттеудің тәсілдері, анимистік, тотемдік, магиялық нанымдардың көркем фольклорда өзгеріске түсіп, қолданылу ерекшелігі, тұтастану құбылысының сипаттары мен түрлері, т.б. зерттеулер қамтылған.

Он томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» кітабының фольклорлық кезеңіне арналған бірінші томы  (2008) қазақ фольклорының тарихын зерттеуге арналды. Алдыңғы «Қазақ әдебиетінің тарихымен» салыстырғандағы өзгерістер: фольклор тарихы әдебиет тарихынан іргесін ажыратқан, қазақ фольклорының статусы мен теориялық негіздері айқындалған.  Атап айтқанда: фольклор – ежелгі дүниетаным және көне мәдениет, әрі мұра, фольклор −  тұрмыстың бір бөлшегі, фольклор  сөз өнері ретінде қарастырылды.

Ұжымдық еңбек «Ежелгі замандағы рухани мәдениет», «Орта ғасырлардағы фольклор», «Жаңа дәуірдегі фольклор»  деген үш бөлімге бөлініп, жанрлар тарихи-стадиялық даму тұрғысынан   зерттелген. Мәселен, қазақ хандығы тұсындағы фольклор құрамында қаралған кейбір жанрлар сол заманда тумаған, олар ертеректе пайда болып, хандық кезінде өркендеп, көркем фольклорға айналған. Сол сияқты «Жаңа дәуірдің» де біраз жанры өз бастауын орта ғасырда алып, көркемделіп  дамуын  XVIII-XIX жүзжылдықтарда басынан кешірген. Сонымен бірге бұл дәуірде жаңа жанрлар мен шығармалар да өмірге келіп отырған. Ал, XX ғасырдағы фольклор туралы сөз болғанда, жаңадан пайда болғандармен қатар бұрынғы жанрлардың өзгергені, жаңа сипатқа ие болғаны айтылған. Сондықтан «Кітаптың мақсаты – ұлттық фольклорымыздың даму жолдарын көрсету, оның жекелеген жанрларының туу, қалыптасу, өркендеп-өзгеру үдерістерін айқындау» (Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. I-том. Алматы, 2008, 16-б.) болған.  

Фольклортану бөлімі 2006-2008 жылдар аралығында «Қазіргі қазақ әдебиетіндегі фольклорлық дәстүр» атты іргелі зерттеу бойынша жұмыс атқарды.  Соның нәтижесінде «Қазіргі әдебиет және фольклор» атты ұжымдық монография жарық көрді. Оның «Қазіргі поэзия және фольклор», «Қазіргі прозадағы фольклорлық дәстүр», «Бүгінгі драматургиядағы  фольклорлық сарындар» атты үш бөлімінде фольклор мен әдебиеттің  генетикалық, оппозициялық, үндестік байланыстарының қолданыс ерекшеліктері зерттелді. Бұл зерттеу тәуелсіздік тұсында жазылған көркем шығармаларды ғылыми нысан етіп алуымен ерекшеленеді.   Ұлттық әдебиеттің даму жолында фольклордың рөлі, көркемдік сапасына ықпалы, т.б. ерекшеліктері әлем мәдениетінің дамуындағы басты заңдылықтардың негізінде тексерілді. 

Қаламгерлердің фольклордан үйрену, меңгеру, сіңдіру, қайта жаңғырту үдерістеріндегі даралық қолтаңбасы айқындалды.

Фольклортанушы ғалымдар ұжымдық монографиялар дайындаумен қатар жеке зерттеу еңбектерін де жарыққа шығарды. Б. Абылқасымов қазақтың көне наным-сенімдеріне қатысты ғұрыптық фольклорына арналған «Телқоңыр» (1993), Ш.Ыбыраев «Эпос әлемі» (1993); К.Ісләмжанұлы «Рухани уыз» (1995), Ш.Керім «Қазақ жұмбағы» (1999),  Б.Әзібаева «Казахский дастанный эпос» (1998) атты еңбектерін тарихи-типологиялық, тарихи-генетикалық зерттеуге арнады. 

Соңғы он жылда С.А.Қасқабасов әр жылғы зерттеулері топтастырылған «Елзерде» (Алматы, 2008), «Алтын жылға.  Зерттеулер мен мақалалар», т.б.  жинақтар шығарды. Сондай-ақ академиктің 70-жылдық мерейтойына арналған  «Заман және руханият» кітабы шықты. Мұнда алыс және жақын шетелдік ғалымдардың фольклортану мен әдебиеттануға байланысты зерттеулері енгізілген.  Ал, «Ой-сана» кітабында ғалымның әр жылдары түрлі басылым беттерінде жарық көрген сұхбаттары қамтылған.

С.А.Қасқабасовтың «Президент және мәдени мұра» кітабында  «Президент назарында – Мәдени мұра», «Мәдени мұра – рухани жаңғырудың негізі», «Ұлт мұрасын ұрпаққа жеткізу – парыз», «Мәдени мұра – ұлттық рухтың тірегі», т.б. қазақ ғылымын дамытуға байланысты пікірлері топтастырылған. 

Бөлімнің  жетекші ғылыми қызметкері К.Матыжановтың «Қазақтың отбасы фольклоры» (2007) атты монографиясында отбасылық ғұрып фольклоры арнайы зерттеу нысанына алынып, зерделенді. Ғалым отбасы фольклорын әлпештеу фольклоры; үйлену фольклоры; азалау фольклоры деген жіктеулерге жүйелеп, зерттеген.  

Бөлімнің жетекші ғылыми қызметкері Р.Әлмұханованың «Қазақ фольклорындағы антикалық сарындар» (2009) атты монографиясы қазақ фольклорында архаикалық аталып келген тарихи жыл санауға дейінгі орын алған антикалық сарындарды тарихи-типологиялық, тарихи-мәдени байланыстар тұрғысынан зерттеуге арналды. Қарастырылатын фольклорлық сюжеттер мен сарындар, образдар, жанрлар антикалық грек мифімен типологиялық талдауға алынып, қазақ және антикалық грек фольклорындағы сарындар мен образдардың ортақтығы анықталып, қазақ фольклорының архаикалық сипатты молынан сақтауының себептері  тарихи-қоғамдық формациялардың ерекшелігімен және мемлекеттіліктің қалыптасуымен байланыстылығы тұрғысынан талданды.

Бөлімнің жетекші ғылыми қызметкері А. Тойшанұлының «Түрік – моңғол мифологиясы» атты монографиясында (2009) қазақ пен моңғол материалы негізге алына отырып, түрік, моңғол халықтарының мифологиясы өзара әрі әлемдік үлгілермен кешенді салыстырылып, мифтердің түрлері, шығу тегі, образдардың қалыптасу эволюциясы фольклорлық заңдылықтар мен құбылыстар аясында жүйелі тексерілді. Еуразия кеңістігінде ежелден қанаттас, санаттас өмір сүрген – алтай, телеуіт, тува, хакас, шор, саха, бурят, қырғыз, татар, өзбек, түрікмен, түрік сияқты бауырлас халықтардың мұралары дәйекті байыпталып, олардың мифологиясы әлемдік діндерге дейін ортақ болған деген түйін жасалған. Сонымен бірге қазақтың дәстүрлі баспанасы – киелі киіз үй рухани мұра тұрғысынан зерттеліп, оның мифологиялық  толымды бейнесі жаңғыртылған.

Фольклорлық материалдар жинау мақсатында ғалымдар 1961-1971-жылдар аралығында республика аумағына және Қарақалпақстанға тұрақты түрде экспедицияларға шыққан.  Атап айтқанда, 1963 жылы Б.Ысқақов, Т.Бекхожина, Т.Қанағатов Қарақалпақ автономды республикасында болса, А.Жұбанов пен Т.Мерғалиев, Г.Сұлтанғалиева Қазақстанның батыс, ал, Б.Адамбаев шығыс  аймақтарын аралаған. 1965 жылы С.Мұқанов, Е.Исмаилов, Б.Адамбаев солтүстік Қазақстан өңірінде іссапарда болып, жыршы Молдахмет Ержановтың және бұрын есімдері белгісіз болып келген жыршылар − Таласпай Нұрпейісов, Камали Мұқажанов, Топаш Сыдықов,  Есенбай Шыныбаев, Әбдіраш Оспанов, Тайса Садықов репертуарларын жазып алған. Осы сапарда жалпы көлемі 45-50 мыңдай жол өлең жазылып алынған. Бұл сапардың маңыздылығы – Шоқан Уәлиханов 1841  жылы жазып алған Жаманқұл туралы деректер табылған. Кіші ғылыми қызметкер Н.Төреқұлов Оңтүстік Қазақстан облысында Шәуілдір, Шаян, Арыс, Қаратас елді мекендеріне барып, 200 мақал-мәтел, 200 нақыл сөз, 20 ертегі, және т.б., К.Сейдеханов Шелек, Арал, Жалағаш, т.т. аудандарынан 20 000 жол дәстүрлі және қазіргі шығарма (қисса, өлең, айтыс) жинаған. Қызылорда, Шымкент  фольклорлық іссапар кезінде Ташкент архивінде сақталған С.Маловтың Ә.Диваевқа жазған хатының көшірмесі әкелінді. Кіші ғылыми қызметкер  Б.Ысқақов «Қыз Жібек», «Қобыланды», «Құлбек батыр», «Мақамбай батыр» жырларын  қолжазба күйінде және магнит таспаларына жазып әкелген. 

Ғалымдар тарапынан фольклорлық экспедициялар әр кезде де болып тұрған. Оған ҚР БҒМ қарасты Орталық ғылыми кітапхананың және өзіміздің институттың қолжазба қорларында сақталған қолжазбалар куә. Бұл қолжазбалар 1920 жылдары Ә.Диваев жинаған қолжазбалардан бастап сақтаулы және осы кезге дейін олар ғылыми қолданыстан түскен емес. 

Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде де фольклорлық іссапарлар жүзеге асуда. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1998 жыл  «Ұлттық тарих және халық бірлігі жылы» деп аталуына орай республика көлемінде ауқымды экспедиция өткізілді, бұған фольклортану бөлімінің қызметкерлері белсене атсалысты. 

2005 жылы институттың бастамашылығымен Моңғолияда қазақ диаспорасы шоғырланған аймақтарға фольклорлық-музыкалық экспедиция ұйымдастырылды. Оған музыкатанушы Ә.Нұрбаев пен фольклортанушы  А.Тойшанұлы қатысты. Нәтижесінде осы кезге дейін ғылымға белгісіз болып келген мәтіндер анықталды. 

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2007-2008 ж. аралығында үш том «Мировая фольклористика» жинағы жарық көрді (құраст.:  С.А.Қасқабасов,  А.Тойшанұлы). Оған Америка, Европа мен Азияның белгілі ғалымдарының фольклортануға қатысты зерттеу еңбектері топтастырылған. Мұндай жинақтың жарық көруінің себебі: шетелдерде жарияланған фольклортануға қатысты еңбектердің біздің республика ғалымдары үшін де қызығушылығын тудыруы сөзсіз және олар осы заманғы зерттеулерге қажеттігі айқын. Құрастырушылар субъективті пікірге ерік бермей, ғылымдағы түрлі ойлардың өмір сүру мүмкіндігін ескерген. Жинақ соңында әр ғалым туралы өмірбаяндық, т.б. қажетті маңызды мәліметтермен толықтырылды. 

«Бабалар сөзі» бойынша бес том «Ертегілер» жанрішілік-стадиялық ерекшелікке сай дайындалды. Фольклорлық мәтіндер қолжазбалық және алғашқы жарияланымдар бойынша алынып, текстологиялық  жұмыстар жүргізілді, сюжеттердің халықаралық типі анықталды.  

Халықаралық байланыстар. Кеңестік республикалар арасында ғылыми байланыс ғылымды дамытудағы қозғаушы күш, өзекті мәселе ретінде бағаланды. 1961 жылы Киев қаласында кеңес дәуіріндегі халық поэзиясына арналған  Бүкілодақтық мәжіліске М.Қаратаев пен институт директорының ғылыми істері жөнінен орынбасары О.Нұрмағамбетова, фольклортану бөлімінің ғылыми қызметкері Б.Адамбаев, 1965 жылы О.Нұрмағамбетова мен кіші ғылыми қызметкері К.Сейдеханов Улан-Удэ қаласында өткен кеңес фольклорын зерттеуге арналған ғылыми конференцияға қатысқан. Ал, СССР ҒА Әдебиет және тіл бөлімінің жанындағы ғылыми кеңестің ұйымдастыруымен фольклордағы тарихилық мәселесіне арналған ғылыми конференцияға М.Қаратаев, ҚазССР ҒА корр.-мүшесі, фольклортану бөлімінің меңгерушісі Е.Исмаилов Мәскеуде өткен этнографтар мен антропологтардың   VIII Халықаралық конгресіне қатысты (1964).  

Фольклор мен әдебиеттің байланысы туралы Душанбе қаласында өткен Бүкілодақтық ғылыми кеңесте О.Нұрмағамбетова «Қазақ совет әдебиеті және оның фольклормен байланысы», Н.С.Смирнова «Казахская советская поэзия и традиции фольклора», М.Ғабдуллин «С.Мұқановтың 20-жылдардағы поэзиясындағы фольклор», Б.Адамбаев «Қазақтың шешендік өнері және олардың әдебиетпен байланысы» (1968) деген тақырыпта баяндамалар жасаған. 

Аға ғылыми қызметкері Ү.Субханбердина мен кіші ғылыми қызметкер Г.Сұлтанғалиева  Қазан, Уфа, Чебоксары қалаларында болып, қазақ фольклорына қатысты сақталған материалдарды (1967 23/IX-12/X) алып келген.   

Фольклорлық экспедициялар тек Қазақстан аумағымен шектелмеген. Мәселен, 1963 жылы Б.Ысқақов, Т.Бекхожина, Т.Қанағатов Қарақалпақ автономды республикасында болса, 1965 жылы  институт фольклористерінің мәжілісі өткізілген. Оған М.Горький атындағы Әлем әдебиеті институты директорының орынбасары А.А.Петросян келіп, КСРО халықтарының эпостары туралы баяндама жасаған.

Мәскеудегі М.Горький атындағы Әлем әдебиеті институтымен тығыз байланыс болғанын мұрағатта сақталған құжаттар айғақтайды. 1967 ж. М.Сильченко мен О.Нұрмағамбетова «Қозы-Көрпеш-Баян-сұлу» эпосының  орыс тіліндегі жолма-жол аудармасын жасап, осы Әлем әдебиеті   институтына жіберген. Ал, 1969 жылы олардың «Едіге» жыры туралы ғылыми конференция өткізу жоспарлап отырғаны, Әдебиет және өнер институтынан бір баяндамашы мен бұл эпос туралы бекітілген тұжырымды Ленинград қаласында тұратын академик В.М.Жирмунскийдің атына жіберуді сұраған өтініш келген.

Тәуелсіз Қазақстан жағдайында алыс және жақын шетелдермен халықаралық байланыстар дами түсуде. Бүгінде бөлім қызметкерлері ТМД, Түркия, Иран, Египет, Моңғолия, т.б. елдердің ғалымдарымен тығыз байланыс жасауда. Халықаралық ғылыми-теориялық конференциялар мен симпозиумдарға қатысып, ғылыми басылымдарға зерттеулер жариялануда.

Конференциялар. 1969 жылғы қазан айының 27-30-сы күндері аралығында Алматыда «Қазіргі қазақ фольклорының жағдайы және оның даму жолдары» тақырыбына арналған ғылыми-творчестволық конференция ұйымдастырылды. Бұл конференцияда СССР ПҒА академигі, профессор М.Ғабдуллин «Қазақ фольклористикасының даму жолдары» атты тақырыпта баяндама жасаған. О.Нұрмағамбетова «Елу жылда қазақ фольклорының жиналуы мен зерттелуі», Н.С.Смирнова «Алтайские и казахские версии эпоса «Козы-Корпеша», ф.ғ.к. Б.Адамбаев «Халық ақындарының шығармашылығындағы В.И.Ленин образы», Т.Сыдықов «Қазіргі халық ақындары поэмаларының даму жолдары», ф.ғ.к. Б.Уахатов «Қазақ халық өлеңдері және оны орындаушылар», Б.Ысқақов  «Қазіргі замандағы жыраулық дәстүр», А.Рақымжанов «Шынайы айтыс» атты тақырыпта баяндамалар жасаған.  

Фольклортану бөлімінің қызметкерлері 2002 жылы «Қозы-Көрпеш-Баян-сұлу» эпосының 1500 жылдығына орай халықаралық ғылыми-теориялық конференциясының ұйымдастырылуы мен өткізілуіне белсене атсалысты. 

Сондай-ақ 2005 ж. «Рухани мұра және қазіргі мәдениет: текстология, игеру, зерттеу» халықаралық ғылыми симпозиумы өткізіліп, оған мәскеулік ғалымдар: филол.ғ.д., Ресей Ғылым академиясының мүше-корр., фольклортану бөлімінің меңгерушісі В.М.Гацак пен А.М.Горький атындағы Әлем әдебиеті институтының ғалым-хатшысы,  ф.ғ.д. А.И.Алиева қатысты. 

Кадрлар даярлау. Фольклортану бөлімінің қызметкерлері ғылыми біліктілігін ұдайы жетілдіріп отырды. Ғылым кандидаты ғылыми дәрежесін алған С.А.Қасқабасов, Б.Әзібаева, К.Матыжанов, Ш.Керім – бүгінде ғылым докторлары. А.Сейдімбек «Қазақтың күй аңыздары (құрылымы және жанрлық ерекшеліктері)» деген тақырыпта филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. Жалпы, республика көлемінде қызмет етіп жүрген фольклортанушылардың басым көпшілігі диссертациялық жұмыстарын фольклортану бөлімінде талқылаудан өткізіп, ғылыми дәрежелерін қорғады. Сондай-ақ А.И.Сағитов «Қарақалпақ батырлық жырлары», Х.Т.Зарифов «Проблемы изучения узбекского фольклора», А.Айымбетов «Каракалпакские народные сказители», Р.Музафаров «Связь татарского фольклора с фольклором южных славян» тақырыбында докторлық диссертациялар қорғады.

Бүгінде фольклортану бөлімінде 4 филология ғылымдарының докторы:  С.А.Қасқабасов, К.І.Матыжанов, Ш.Т.Керім, Р.Т.Әлмұханова және 1 филология  ғылымдарының кандидаты  – А.Тойшанұлы,  1 тарих ғылымдарының  кандидаты – Н.Ә.Әлімбай қызмет істейді. Бөлім қызметкері, филология ғылымдарының докторы  К.І.Матыжанов 1990 ж. филология ғылымдарының   кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін  «Қазақтың фольклорлық балалар поэзиясы», 2004 ж. «Қазақтың отбасылық ғұрыптық фольклоры» атты докторлық диссертация қорғады.

Ш.Т.Керім «XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әнші-ақындарының (сал, серілер) шығармашылығындағы жалпылық және даралық мәселелері» тақырыпта кандидаттық, ал, 2000 ж. «Қазақ фольклорындағы жұмбақ жанры» атты докторлық диссертация  қорғады.

2008 жылы А.Тойшанұлы  «Қазақ пен моңғол мифологиясының типологиясы» атты тақырыпта кандидаттық, 2010 ж. Р.Т.Әлмұханова «Қазақ фольклоры мен антика әдебиетінің типологиясы» тақырыпта докторлық диссертация қорғады. 

Бөлім қызметкерлері бүгінде «Қазақ фольклорындағы ұлттық идеяның жырлануы» тақырыбында іргелі зерттеу жұмыстармен айналысуда.

 

          Қасқабасов Сейіт Асқарұлы 1940-жылы туылған, әдебиеттанушы, фольклортанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы (1989), профессор (1996). Абай атындағы қазақ мемлекеттік институтын бітірген (1964).
2001-2012 ж. аралығында  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігіне қарасты М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры болып қызмет атқарды. 
Оның түрлі сипаттағы ғылыми-ұйымдастырушылық жұмыстарын кең ауқымда әрі тиімді де сапалы ұйымдастырудағы іскерлігі мен Мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын терең талдап, түйсіне білетін қағылездігі, Еуразиялық идея мен жаһандануға қатысты және қоғамның мәдени өмірі мен қазіргі әдеби процестің өзекті мәселелеріне байланысты ой-пікірлері баспасөз арқылы көпшілік қауымға кеңінен танымал.

Ол Л.М.Гумилев университетінде «Еуразия» ғылыми зерттеу орталығын алғаш ұйымдастырушы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Аттестациялық комиссиясының тұңғыш төрағасы және БҒМ Жоғарғы Аттестациялық комиссиясы Президумының мүшесі болды. 

Ғалымның ғылыми-зерттеу еңбектерінің негізгі бағыты: фольклор мен әдебиет және өнер. Әсіресе, мифология мен фольклорлық проза саласын зерттеуде айрықша ғылыми табыстарға қол жеткізген. Ол фольклордың прозалық саласын ғылыми тұрғыдан саралап, жанрлық жағынан жіктеген және қазақ мифологиясын типологиялық тұрғыдан тұңғыш тұжырымдаған ғалым.

С.А.Қасқабасовтың фольклорлық проза дамуының көне архайкалық түрден бүгінгі көркемдік деңгейіне дейінгі тарихи заңдылықтары жөніндегі ғылыми тұжырымдары Башқұрт, Татар, Түркмен, Қырғыз, Өзбек фольклортанушы ғылымдарының еңбектерінде жалғасын тауып, бекіді.

С.А.Қасқабасов қаламынан туған 300-ге тарта еңбектің мазмұны сан салалы. Онда әдебиет пен өнер тарихының, фольклор теориясы мен мәтінтанудың түрлі мәселелері қамтылған. Ғылымның басшылығымен әрі қатысуымен хайуанаттар жайлы ертегілердің академиялық басылымы /орыс тілінде/ «Қозы-Көрпеш - Баян-сұлу» лиро-эпосының 8 варианты, Г.Н.Потанин мен В.Радлов жинаған фольклорлық үлгілері мен ХVІІ-ХIХ ғасыр жырауларының шығармалары және Ж.Жабаевтың таңдамалы шығармалары /орыс тілінде/ жарық көрді. 

2003 жылы Ресейдегі Қазақстан жылы ауқымында Мәскеуде «Еуразия халықтарының эпосы» сериясы бойынша С.А.Қасқабасов дайындаған ғылыми тұжырым-түсініктермен «Қозы-Көрпеш - Баян-сұлу» және «Қыз Жібек» жырлары жарияланды.

Ол 1. «Казахская волшебная сказка» (1972); 2. Қазақтың халық прозасы (1984); 3. Родники искусства (1986); 4. Казахская несказочная проза (1990); 5. Колыбель искусства (1992); 6. Абай және фольклор (1996); 7. Золотая жила (2000); 8. Жаназық (2002); 9. Люби безмерной памятник (2002); 10. ХV-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ әдебиеті (2005) атты монографиялар жариялады. С.А.Қасқабасовтың кітаптары ғылыми қауым тарапынан жоғары сұранысқа ие, әрдайым республикалық баспасөз бетінде және шетелдік басылымдарда биік бағаланған. Оның еңбектері филологтар мен өнертанушыларға, тарихшылар мен философтарға арналған. Әрі ол фольклорды, мифологияны және әдебиеттануды салыстырмалы түрде зерттейді. 

С.А.Қасқабасов соңғы жылдары оннан астам халықаралық және Республикалық ғылыми конференция ұйымдастырды, оның екеуі ЮНЕСКО деңгейінде өтті. Ол Түркияда (2001), Иранда (2002) және Францияда (2003) өткен халықаралық конференцияларда баяндама жасады. Оның ҚР ҰҒА Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың (1986), ҚР Мемелекеттік сыйлықтың (1992), Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері (1996), ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан ғылымын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісімен (2002), Махамбет атындағы сыйлықтың иегері (2003) атануы - С.А.Қасқабасовтың ғалымдық кәсіби деңгейі мен еңбегінің абыройы биіктігіне дәлел. 

Ол фольклорлық проза зерттеушілерінің халықаралық қоғамының мүшесі (Финляндия, 1991) болып сайланды. С.А.Қасқабасов - ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі (2004) және ҚР Мемлекеттік хатшы жетекшілігіндегі мемлекеттік «Мәдени мұра» жөніндегі қоғамдық кеңестің (2004) мүшесі және мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының «Фольклористика, әдебиеттану және өнертану» секциясының төрағасы, әдебиет, өнер және архитектура саласы бойынша Мемлекеттік сыйлық комитетінің мүшесі, әдебиет секциясының төрағасы.

Қазір оның жетекшілігімен институт мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында белсенді жұмыс істеуде, атап айтқанда, қазақ фольклорының жүз томдық «Бабалар сөзінің» қырық томы, бес томдық «Қазақ музыкасының антологиясы» мен он томдық «Қазақ әдебиеті тарихы» жарық көрді.

  21 қаңтар 2022 г.