Matyzhanov Kenzhekhan

Director

К.І.Матыжанов – М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инстиутының директоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі. Қазақстанның рухани мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы (2007), «Құрмет» орденінің иегері (2016) берілді.

1957 жылдың 8 наурызында Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақтың педагогикалық институтының филология факультетін (1978), аспирантурасын (1985) тәмамдаған. 1990 жылы «Қазақтың фольклорлық балалар поэзиясы» тақырыбында кандидаттық диссертация, 2004 жылы «Қазақтың отбасылық ғұрып фольклоры» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған.

Кенжехан Ісләмжанұлы 30 жылға жуық уақыт бойында республикамыздың түрлі мекемелерінде басшылық лауазымдарда қызмет атқарып келеді. Ол 1993-1995 жж. Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Тіл комитеті төрағасының орынбасары, 1995-1999 жж. Қазақстан Республикасы Ұлт саясаты жөніндегі мемлекеттік комитетте басқарма бастығы, Қазақстан Республикасы Үкіметі аппаратының әлеуметтік-мәдени даму бөлімінде тіл саясаты жөніндегі кеңесші, Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің тіл саясатын үйлестіру департаменті директорының орынбасары, Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Тілдерді дамыту департаментінің бөлім бастығы қызметтерін атқарды. Осы жылдары біртұтас мемлекеттік тіл саясатының қалыптасуына белсене араласып, Қазақстан Республикасының тіл заңының, тіл саясатының тұжырымдамасын, Тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жасауға ат салысты.

1999-2002 жж. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұражайы директорының ғылым жөніндегі орынбасары, 2002-2005 жылдары Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті мұражайының директоры қызметтерін атқарып, мәдени мұраны сақтау мен жүйелеуге байланысты тың бастамаларды қолға алды.

2005-2012 жж. Алматы қалалық әкімдігінде Мәдениет департаменті директорының орынбасары, Тілдерді дамыту басқармасының бастығы, Ішкі саясат басқармасының бастығы қызметтерін атқарып, өзінің көпжылдық басқарушылық тәжірибесі мен білім-білігін қаланың мәдени, рухани өмірін дамытуға бағыттады.

2012-2018 жж. «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Рухани жаңғыру» ғылыми-инновациялық орталығының басшысы қызметтерін атқарды.

2018 жылдан бастап – М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры. Осы кезеңнен бастап К.Матыжановтың басшылығымен Рухани жаңғыру аясында түрлі іс-шаралар өткізіліп, ауқымды бастамалар қолға алынды. Абайдың 175 жылдығына орай маңызды академиялық басылымды дайындауға басшылық жасауы да халықтың рухани мұрасына деген жанашыр, қамқор көзқарасты айғақтайды.

2019 жылы «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» аясында мемлекеттік тапсырма бойынша К.Матыжановтың ғылыми жетекшілігімен «Қолжазба қорларын, фольклорлық экспедиция материалдарын жүйелеу мен зерттеу және дала фольклорының антологиясын қалыптастыру» жобасы жоғары деңгейде жүзеге асырылып, «Дала фольклоры антологиясының» алғашқы 5 томы кітаби, цифрлық және аудио форматтарда жарық көрді.

Отандық басылымдарда және Еуропа мен ТМД елдерінің беделді басылымдарында К.Матыжановтың 200-ден астам ғылыми мақалалары мен еңбектері жарық көрген. Негізгі еңбектері: «Рухани уыз». Монография. (1995, 2008), «Алтын сандық» (1996), «Тал бесіктен жер бесікке дейін» (1996), «Ел қазынасы ескі сөз» (1997), «Қазақтың отбасы фольклоры». Монография. (2007).