Main / News / Белгілі текстолог-ғалым Тоқтар Әлбеков өмірден озды

Белгілі текстолог-ғалым Тоқтар Әлбеков өмірден озды

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұжымы көрнекті ғалым, фольклорист, текстолог, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Тоқтар Кесімұлы Әлбековтың дүниеден озуына байланысты отбасына, туған-туысы мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.
Тоқтар Кесімұлы бүкіл саналы ғұмырын ұлттық мәдени мұраны жинау, сақтау, жариялау, зерттеу жұмыстарына арнады. Ғалымның әдебиеттану, фольклортану, қолжазбатану, текстология, библиография салалары бойынша жарық көрген еңбектері отандық, шетелдік ғылыми, мәдени ортада кеңінен танымал. Әсіресе 100-томдық «Бабалар сөзі» сериясы, 10 томдық «Дала фольклорының антологиясы», «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» сынды бірегей басылымдарды әзірлеудегі ғылыми-ұйымдастырушылық қызметі – ұлттық мәдени мұраны сақтау-насихаттау ісіне қосқан сүбелі үлес. Ұзақ жылдар бойғы ғылыми еңбектің нәтижесі Т.Әблеков қаламынан шыққан 3 монография мен 3 зерттеу еңбегі, 1 оқулық, 300-ге жуық ғылыми-зерттеу мақалаларында көрініс тапты. Зерттеуші сонымен бірге 100-ге жуық ғылыми-көпшілік кітаптарды баспаға дайындау ісіне басшылық етіп, редакторлық жасады. Фольклор, халық шығармашылығы тақырыптарын тереңнен қаузай зерттеу бағытында шәкірт тәрбиеледі. Соңғы уақытта ғалым «Қолжазба және мәтінтану» ғылыми-инновациялық бөлімінің басшысы ретінде көне мұраны цифрландыру жұмысын қолға алып, үлкен жоспарлар құрған еді. Ғылымның адал сарбазының есімі әріптестерінің, рухани қазынаға жанашыр қауымның жадында мәңгі сақталады.

  6 February 2021 г.