Main / News / «ҚАЗАҚСТАН ТЕАТРЛАРЫ ЖӘНЕ ПАНДЕМИЯ: ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ МЕН БОЛАШАҒЫ» атты онлайн конференция

«ҚАЗАҚСТАН ТЕАТРЛАРЫ ЖӘНЕ ПАНДЕМИЯ: ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ МЕН БОЛАШАҒЫ» атты онлайн конференция

22 мамыр күні Халықаралық театр сыншылары бірлестігі «Қазақстан театрлары және пандемия: қазіргі жағдайы мен болашағы» атты онлайн конференция жұмысын ұйымдастырды.
Конференцияның мақсаты: қазақстандық театрлардың карантиндегі және посткарантиндік хал-жағдайын бағамдап уақыт алға тартқан сұрақтарға барша театрлар қауымдастығымен жауап іздеу.
Конференцияда Қазақстан театрларының жұмысына карантиннің тигізген әсері, спектаклді онлайн көрсетудің артықшылығы мен кемшіліктері, болашақ сандық түсірілімге қойылар талаптар, көрерменді залға қайтаруды жүзеге асыру жолдары, форс-мажорлық маусымның екінші жартысындағы өзекті мәселелер, фестивальдер кестелеріндегі өзгерістер, театрлардың репертуарлық саясаты мәселелері қозғалды.
Конференция әріптестері: ҚР БҒМ Ғылым комитетінің М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Әзірбайжан ҰҒА Архитектура және өнер институты, Әзірбайжан мемлекеттік мәдениет және өнер университеті, Заманауи грузин театрын зерттеу орталығы, Шота Руставели атындағы театр және кино университеті және өнер порталдары Teatro.az, Theatrelife.ge және Oner.kz.
Құрылғанына бір жыл тола қоймаған «Халықаралық театр сыншылары бірлестігінң» құрылтайшылары Лаша Чхартишвили (Грузия), Анар Еркебай (Қазақстан), Эльчин Джафаров (Әзірбайжан) конференцияның кіріспе, қорытынды бөлімдерінде сөз сөйлеп, аталмыш шараның маңыздылығы мен мақсат-міндеттерімен таныстырып, бірлестіктің алдағы жоспары туралы айта кетті. Марина Васадзе мен Исрафил Исрафилов конференцияның екі бөлімін өзара бөлісіп модераторлық етті.
Бұл конференция бұрынғылардан өзгерек болғаны анық. Біріншіден, әрине, өткізілу формасы жағынан. Екіншіден, ондағы көтерілген тап бүгінгі күндегі өзекті мәселелер тұрғысынан. Әр елден, сәйкесінше тәуліктің әртүрлі сағатында қосылған театр мамандары өздерінің бүгінгі процесске бей-жай қарамайтындарын білдірді. Ағылшын және орыс тілінде өткен екі секциялы конференцияның қатысушылары мен көрермендері өз ойларын ортаға салып, ұйымдастырылып отырған конференцияның маңыздылығын алға тартты. Расында да, театр тарихында болып жатқан барлық процессті көзден таса қылмайтындардың, яғни, театртанушы қауымның кезекті миссиясы да осы туралы ойларын білдіру, мәселе көтеру, бағдарын жасау екені белгілі. Онысын ойдағыдай орындап та келеді.
Бір қызығы, конференция форматы баяндама оқумен ғана шектелген жоқ. Қатысушылар өз ойларын ашық әрі еркін жеткізіп, айтылған тақырып бойынша қызу талқылаулар жүргізді. Бір-бірінің ойын іліп әкетіп отырған театрсүйгіш мамандардың бүгінгі театрлық процесске деген қызығушылығы ғана емес, сахна өнерінің болашағына қам жейтіндігі айқын көрініп тұр.
Мәселен, әзірбайжандық театртанушы, өнертану кандидаты, профессор Айдын Талыбзаде (Әзірбайжан) өз сөзінде: «Словосочетание театр-онлайн, во-первых, это полнейший идиотизм, абсурд, а во-вторых, все означаемые этого понятия, абсолютно противоречат поэтике, гармонии театра. Театра онлайн не бывает: это аксиома», -десе, ресейлік жас өнертанушы Эмилия Деменцова (Ресей): «Разумеется, можно долго спорить о том, что театр в записи теряет свою энергетику, что даже прямые трансляции спектаклей не передают его «священнодействия», но, уверена, что всем очевидно одно – лучше спектакль в записи, чем его отсутствие», - деген пікірін ортаға салды. Ол баяндамасында карантин жағдайындағы театрға төнген қауіп пен туындаған мүмкіндіктер туралы кеңірек сөз етті. Яғни, пандемияны театрдың жалпы жаңа формаға енуі мен жеке-жеке өнер ұжымдарының өз алдына дамуына, бір дамылдап, қайта күш жинауына әсер ететін фактор ретінде қарастырды. Сонымен қатар, ресейлік тағы бір театртанушы, өнертану кандидаты Айсылу Сагитова (Ресей): «После окончания карантина наступит долгий период восстановления административной, экономической и художественной структур театров. Сложно сказать, как будет происходить возвращение зрителя в театр. Однако, ясно, что в первое время мы будем избегать места массового скопления людей, следовательно, даже после того, как театры откроют свои двери, театрам нужно быть готовыми к тому, что зрителей в зале будет немного», - деп, осы кезеңнің салдарынан театрлар өз аудиториясын сақтап қалу үшін немесе қайта жинау үшін көрерменнің жетегінде кетуі әбден мүмкін дейді.
Конференцияда сөз сөйлеген он үш спикердің тоғызы теоретиктер. Жоғарыда аталған театртанушылардың тізімін өнертану кандидаты, профессор (Қазақстан) Сәния Қабдиева, PhD докторы, өнертану бойынша философия докторы, доцент (Әзірбайжан) Видади Гафаров, өнертану кандидаты, Станиславский Электро театрының кураторы (Ресей) Кристина Матвиенко, Нишанташи университетінің орындаушылық өнер менеджменті кафедрасының меңгерушісі (Түркия) Зияд Гулиев, Ламеи университетінің оқытушысы (Иран) Саид Каземьян, өнертану магистрі Александр Мантуш (Белоруссия) толықтырды. Олармен қоса АртеФактум театрының маманы (Мексика) Моника Баджонеро Диас, Карачи театрының көркемдік жетекшісі (Пәкістан) Сохаил Ахмед Малик, режиссер, dOM театрының көркемдік жетекшісі (Әзірбайжан) Тарлан Расулов, драматург, «Слезы и смех» театрының режиссері (Болгария) Христо Стойчев та баяндамаларын ұсынып, конференция барысында белсенділік танытты.

  22 May 2020 г.